Жаңа SSH кілтін жасау

SSH кілті компьютерлер арасында қауіпсіз байланыс орнатуға көмектеседі. SSH кілтін жасау ашық және жабық кілтті жасайды. Жаңа кілтті жасау жолы:

  1. Терезенің жоғарғы сол жақ бұрышындағы + батырмасын басыңыз.

  2. Тізімнен Secure Shell кілті таңдаңыз.

  3. Кілт үшін сипаттама енгізіңіз. Кілт сипаттамасы кілтті кейінірек анықтауға көмектеседі. Мысалы, күннің датасын, кілттің қалай пайдаланылатыны туралы бірдеңені немесе кілтті орнатқыңыз келетін сервер атын енгізуге болады. Сипаттама өрісі міндетті емес және кілтті қалай сипаттайтыныңыз толығымен өзіңізге байланысты.

  4. Сондай-ақ шифрлеу түрі немесе кілт беріктігі үшін әдепкі параметрлерді өзгертуге болады.

Осы кезде сіз жай ғана кілтті жасай аласыз немесе парольсіз кіруді қосу үшін кілтті жасап, оны қашықтағы компьютерге орната аласыз.

Кілтті жасау және қашықтан кіруді баптамау

SSH кілтін жасап, оны кейінірек баптауды таңдауға болады.

  1. Тек кілтті жасау батырмасын басыңыз.

  2. SSH кілтіңіз үшін кілттік фразаны теріп, ОК басыңыз.

  3. Кілттік фразаны қайта теріп, аяқтау үшін ОК басыңыз.

SSH кілті енді OpenSSH кілттері кілттер бауында тізімделеді.

SSH кілтін пайдалануға әрекеттенгенде, операциялық жүйеңіз жасау кезінде пайдаланылған кілттік фразаны сұрайды. Бұл біреу SSH кілтіңізге қол жеткізсе, оны кілттік фразасыз пайдалана алмайтынына кепілдік береді.

Кілтті жасау және оны қашықтағы компьютерге орнату

SSH кілтінің болуының ең пайдалы жақтарының бірі — ашық кілтті қашықтағы компьютерге орнатуға болатындығы. Бұл қашықтағы компьютерге әр уақытта пароль енгізбей-ақ SSH арқылы кіруге мүмкіндік береді.

  1. Жасау және баптау батырмасын басып, кілттік фразаны енгізу бойынша жоғарыдағы нұсқауларды орындаңыз.

  2. Ашылған сұхбат терезесінде қашықтағы компьютерге SSH арқылы кіру үшін әдетте пайдаланатын Сервер адресін енгізіңіз.

  3. Қашықтағы компьютерде пайдаланатын Пайдаланушы аты дұрыс екеніне көз жеткізіңіз және Баптау басыңыз.

  4. Бағдарлама енді енгізілген Пайдаланушы аты арқылы көрсетілген Сервер адресіне қосылуға әрекеттенеді. Қашықтағы компьютерге қол жеткізуде қандай да бір мәселелер туындаса, мәселені түсіндіретін қалқымалы терезе пайда болады және сіз қайталап көре аласыз. Желілік байланыс бар екеніне және қашықтағы компьютердің қосулы және қолжетімді екеніне көз жеткізіңіз.

  5. Қашықтағы компьютерге қосылу сәтті болса, қашықтағы компьютерге кіру үшін пайдаланатын Парольді сұрайтын сұхбат терезесі пайда болады. Пароліңізді енгізіп, ОК басыңыз.

Таңдалған SSH кілтінің ашық бөлігі енді қашықтағы компьютерге орнатылады және парольсіз SSH кіруіне рұқсат беру үшін конфигурацияланады. Енді сіз қашықтағы компьютерге SSH арқылы парольсіз кіре алуыңыз керек.

Егер SSH кілтімен аутентификация сәтсіз аяқталса және парольмен аутентификацияны пайдалана алмасаңыз, қосымша көмек алу үшін қызмет әкімшісіне хабарласыңыз.