Терминалға шолу

ТерминалGNOME арналған терминал бағдарламасы. Келесі терминдер мен олардың сипаттамалары Терминалмен және оның мүмкіндіктерімен танысуға көмектеседі.

Терминал

Терминал — компьютердегі Командалық жол интерфейсі (CLI) деп те аталатын мәтінді енгізу нүктесі.

Физикалық терминалдар

IBM 3270, VT100 және басқа да көптеген аппараттық терминалдар енді физикалық құрылғылар ретінде шығарылмайды. Бұл терминалдарды эмуляциялау үшін терминал эмуляторлары бар.

Терминал эмуляторлары

Эмуляция — компьютерлік бағдарламаның басқа бағдарламаны немесе құрылғыны имитациялау қабілеті.

Tty деп те аталатын терминал эмуляторы — графикалық пайдаланушы интерфейстерін қолданатын қазіргі заманғы компьютерлерде видеотерминалды эмуляциялайтын және тек командалық жол орталарында жұмыс істейтін қолданбаларға интерактивті қол жеткізуді қамтамасыз ететін бағдарламалық қамтама. Бұл қолданбалар сол машинада немесе telnet, ssh немесе dial-up арқылы басқа машинада жұмыс істеп тұруы мүмкін.

VTE

Virtual Terminal Environment (VTE) — графикалық пайдаланушы интерфейсі (GUI) ортасында мәтіндік терминалды эмуляциялайтын терминал эмуляторы. Терминал негізінен VTE-ге негізделген. VTE-де толық функционалды терминал эмуляторын іске асыратын виджеттер бар.

Қоршам

Қоршам (shell) — терминал ішінде командаларды немесе басқа бағдарламаны шақыруға немесе «іске қосуға» арналған интерфейсті қамтамасыз ететін бағдарлама. Ол сонымен қатар бумалардың мазмұнын көруге және шолуға мүмкіндік береді. Танымал қоршамдарға bash, zsh, fish жатады.

Экрандау тізбектері

Экрандау тізбегі (escape sequence) — терминалдағы деректердің мағынасын өзгерту үшін қолданылатын таңбалар сериясы. Экрандау тізбектері компьютерде ақпаратты алға-артқа жіберу үшін тек бір арна болған кезде қолданылады. Экрандау тізбектері жіберілетін деректердің орындалатын команда немесе сақталатын және көрсетілетін ақпарат екенін ажырату үшін қолданылады.

Шақыру

Шақыру (prompt) командалық шақыру деп те аталады. Бұл қоршамның командаларды қабылдауға дайын екенін көрсету үшін командалық жол ортасында қолданылатын таңбалар тізбегі.

Шақыру әдетте $, %, # немесе > таңбаларымен аяқталады және ағымдағы жұмыс бумасының жолы туралы ақпаратты қамтиды. Unix негізіндегі жүйелерде шақыру пайдаланушы рөліне байланысты $ (пайдаланушы үшін) немесе # (суперпайдаланушы немесе root үшін) таңбасымен аяқталуы әдеттегі жағдай.

Команда

Шақыруда орындау үшін енгізілген мәлімет команда деп аталады. Ол бағдарлама атауы мен бағдарламаның орындалуын өзгерту үшін жалаушалар ретінде берілетін кез келген басқа қосымша параметрлердің комбинациясы болып табылады.