Әкімшілік құқықтар қалай жұмыс істейді?

Сіз жасаған файлдардан бөлек, компьютеріңізде жүйенің дұрыс жұмыс істеуі үшін қажетті бірқатар файлдар бар. Егер бұл маңызды жүйелік файлдар дұрыс емес өзгертілсе, олар әртүрлі ақауларға әкелуі мүмкін, сондықтан олар әдепкі бойынша өзгерістерден қорғалған. Кейбір қолданбалар да жүйенің маңызды бөліктерін өзгертеді, сондықтан олар да қорғалған.

Олардың қорғалу тәсілі — файлдарды өзгертуге немесе қолданбаларды пайдалануға тек әкімшілік құқықтары бар пайдаланушыларға ғана рұқсат беру. Күнделікті пайдалануда сізге ешқандай жүйелік файлдарды өзгертудің немесе бұл қолданбаларды пайдаланудың қажеті болмайды, сондықтан әдепкі бойынша сізде әкімшілік құқықтар болмайды.

Кейде бұл қолданбаларды пайдалану қажет болады, сондықтан өзгерістер енгізу үшін уақытша әкімшілік құқықтарды алуға болады. Егер қолданбаға әкімшілік құқықтар қажет болса, ол пароліңізді сұрайды. Мысалы, жаңа бағдарламалық қамтаманы орнатқыңыз келсе, бағдарламалық қамтаманы орнатушы (дестелер менеджері) жүйеге жаңа қолданбаны қосу үшін әкімші паролін сұрайды. Ол аяқталғаннан кейін, әкімшілік құқықтарыңыз қайтадан алынады.

Әкімшілік құқықтар пайдаланушы тіркелгісімен байланысты. Әкімші пайдаланушыларына бұл құқықтарға ие болуға рұқсат етіледі, ал Стандартты пайдаланушыларға рұқсат етілмейді. Әкімшілік құқықтарсыз бағдарламалық қамтаманы орната алмайсыз. Кейбір пайдаланушы тіркелгілерінің (мысалы, "root" тіркелгісінің) тұрақты әкімшілік құқықтары болады. Әкімшілік құқықтарды үнемі пайдаланбау керек, себебі байқаусызда өзіңіз қаламаған нәрсені өзгертіп алуыңыз мүмкін (мысалы, қажетті жүйелік файлды өшіру).

Қорытындылай келе, әкімшілік артықшылықтар қажет болған кезде жүйеңіздің маңызды бөліктерін өзгертуге мүмкіндік береді, бірақ оны байқаусызда жасаудан қорғайды.

“Суперпайдаланушы” (superuser) деген не?

Әкімшілік артықшылықтары бар пайдаланушыны кейде суперпайдаланушы деп атайды. Бұл жай ғана ол пайдаланушының кәдімгі пайдаланушыларға қарағанда артықшылықтары көбірек екенін білдіреді. Сіз su және sudo сияқты нәрселерді талқылап жатқан адамдарды көре аласыз; бұл сізге уақытша “суперпайдаланушы” (әкімшілік) артықшылықтарын беруге арналған бағдарламалар.

Неліктен әкімшілік артықшылықтар пайдалы?

Маңызды жүйелік өзгерістер жасалмас бұрын пайдаланушылардан әкімшілік артықшылықтарды талап ету пайдалы, өйткені бұл жүйенің әдейі немесе байқаусызда бүлінуінің алдын алуға көмектеседі.

Егер сізде әрқашан әкімшілік артықшылықтар болса, маңызды файлды байқаусызда өзгертіп алуыңыз немесе қателікпен маңызды бір нәрсені өзгертетін қосымшаны іске қосуыңыз мүмкін. Әкімшілік артықшылықтарды тек қажет болған кезде уақытша алу мұндай қателіктердің орын алу қаупін азайтады.

Тек белгілі бір сенімді пайдаланушыларға ғана әкімшілік артықшылықтарға ие болуға рұқсат берілуі керек. Бұл басқа пайдаланушылардың компьютерге кедергі жасауына және сізге қажетті қосымшаларды өшіру, қажет емес қосымшаларды орнату немесе маңызды файлдарды өзгерту сияқты әрекеттерді жасауына жол бермейді. Бұл қауіпсіздік тұрғысынан пайдалы.