GNOME визуалды шолуы

GNOME пайдаланушы интерфейсі сізге кедергі жасамайтын, алаңдатпайтын және жұмысты аяқтауға көмектесетіндей етіп жасалған. Алғаш рет кірген кезде сіз Іс-әрекеттер шолуын және жоғарғы панельді көресіз.

GNOME Shell жоғарғы панелі

Жоғарғы панель терезелеріңізге және қолданбаларыңызға, күнтізбеңізге және кездесулеріңізге, сондай-ақ дыбыс, желі және қуат сияқты жүйелік қасиеттерге қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Жоғарғы панельдегі жүйелік мәзірде дыбыс деңгейін немесе экран жарықтығын өзгертуге, Wi-Fi қосылымының мәліметтерін түзетуге, батарея күйін тексеруге, жүйеден шығуға немесе пайдаланушыларды ауыстыруға және компьютерді өшіруге болады.

Іс-әрекеттер шолуы

GNOME іске қосылғанда, сіз автоматты түрде Іс-әрекеттер шолуына өтесіз. Шолу терезелер мен қолданбаларға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Шолуда қолданбаларды, файлдарды, бумаларды және интернетті іздеу үшін жай ғана тере бастауға болады.

Кез келген уақытта шолуға қол жеткізу үшін жоғарғы сол жақ бұрыштағы Іс-әрекеттер батырмасын шертіңіз немесе тышқан курсорын жоғарғы сол жақ белсенді бұрышқа апарыңыз. Сондай-ақ пернетақтадағы Super пернесін басуға болады.

Activities button and Dash

Шолудың төменгі жағында панель орналасқан. Панельде таңдаулы және орындалып жатқан қолданбалар көрсетіледі. Қолданбаны ашу үшін панельдегі кез келген таңбашаны шертіңіз; егер қолданба бұрыннан орындалып жатса, оның таңбашасының астында кішкентай нүкте болады. Оның таңбашасын шерту ең соңғы пайдаланылған терезені алдыға шығарады. Сондай-ақ таңбашаны жұмыс орнына сүйреп апаруға болады.

Таңбашаны оң жақпен шерту орындалып жатқан қолданбадағы кез келген терезені таңдауға немесе жаңа терезені ашуға мүмкіндік беретін мәзірді көрсетеді. Сондай-ақ жаңа терезені ашу үшін Ctrl пернесін басып тұрып таңбашаны шертуге болады.

Шолуға өткенде, сіз алдымен терезелер шолуында боласыз. Бұл ағымдағы жұмыс орнындағы барлық терезелердің тірі нобайларын көрсетеді.

Қолданбалар шолуын көрсету үшін панельдегі тор батырмасын (тоғыз нүктесі бар) шертіңіз. Бұл компьютерде орнатылған барлық қолданбаларды көрсетеді. Кез келген қолданбаны іске қосу үшін оны шертіңіз немесе қолданбаны орнатылған қолданбалардың үстінде көрсетілген жұмыс орнына сүйреп апарыңыз. Сондай-ақ қолданбаны таңдаулы ету үшін оны панельге сүйреп апарыңыз. Таңдаулы қолданбаларыңыз олар орындалмай тұрса да панельде қалады, сондықтан оларға тез қол жеткізе аласыз.

Сағат, күнтізбе және кездесулер

Сағат, күнтізбе, кездесулер және хабарландырулар

Ағымдағы күнді, ай сайынғы күнтізбені, алдағы кездесулер тізімін және жаңа хабарландыруларды көру үшін жоғарғы панельдегі сағатты шертіңіз. Сондай-ақ күнтізбені Super+V пернелерін басу арқылы ашуға болады. Күн мен уақыт параметрлеріне қол жеткізуге және толық күнтізбе қолданбасын тікелей мәзірден ашуға болады.

Жүйелік мәзір

Пайдаланушы мәзірі

Жүйе параметрлерін және компьютерді басқару үшін жоғарғы оң жақ бұрыштағы жүйелік мәзірді шертіңіз. Мәзірдің жоғарғы бөлігінде батарея күйінің индикаторы, сондай-ақ Параметрлер мен скриншот сайманын іске қосу батырмалары көрсетіледі. power батырмасы компьютерді аялдатуға немесе өшіруге, немесе жүйеден толық шықпай-ақ басқа біреуге компьютерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Жүгірткілер дыбыс деңгейін немесе экран жарықтығын басқаруға мүмкіндік береді.

Мәзірдің қалған бөлігі Wi-Fi, Bluetooth, қуат параметрлері және фондық қолданбалар сияқты қолжетімді қызметтер мен құрылғыларды жылдам басқаруға мүмкіндік беретін жылдам параметрлер батырмаларынан тұрады.

Құлыптау экраны

Экранды құлыптағанда немесе ол автоматты түрде құлыпталғанда, құлыптау экраны көрсетіледі. Компьютерден алыс болған кезде жұмыс үстелін қорғаудан басқа, құлыптау экранында күн мен уақыт көрсетіледі. Онда сондай-ақ батарея мен желі күйі туралы ақпарат көрсетіледі.

Терезелер тізімі

GNOME басқа жұмыс үстелі орталарында кездесетін үнемі көрініп тұратын терезелер тізіміне қарағанда, терезелерді ауыстырудың басқа тәсілін ұсынады. Бұл назарыңызды алаңдатпай, орындалып жатқан тапсырмаға аударуға мүмкіндік береді.