Экранды автоматты түрде құлыптау
Компьютеріңізден кеткенде, басқа адамдардың жұмыс үстеліңізді пайдалануына және файлдарыңызға қол жеткізуіне жол бермеу үшін экранды құлыптау керек. Егер кейде экранды құлыптауды ұмытып кетсеңіз, белгілі бір уақыттан кейін компьютер экранының автоматты түрде құлыпталғанын қалауыңыз мүмкін. Бұл компьютерді пайдаланбаған кезде оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.
Экран құлыпталған кезде қолданбаларыңыз бен жүйелік процестер жұмысын жалғастыра береді, бірақ оларды қайта пайдалану үшін парольді енгізуіңіз керек болады.
Экран автоматты түрде құлыпталғанға дейінгі уақыт ұзақтығын орнату үшін:
Іс-әрекеттер шолуын ашып, Жекелік және қауіпсіздік деп тере бастаңыз.
Нәтижелерден Баптаулар ▸ Жекелік және қауіпсіздік таңдаңыз. Бұл Жекелік және қауіпсіздік панелін ашады.
Панельді ашу үшін Экранды құлыптау таңдаңыз.
Экранды автоматты түрде құлыптау қосулы екеніне көз жеткізіңіз, содан кейін Экранды автоматты түрде құлыптау кідірісі ашылмалы тізімінен уақыт ұзақтығын таңдаңыз.
Қолданбалар сізге құлыптау экранында көрсетілетін хадарландыруларды жібере алады. Бұл, мысалы, экранды құлыптан босатпай-ақ электрондық поштаңыз бар-жоғын көру үшін ыңғайлы. Егер бұл хабарландыруларды басқа адамдардың көргеніне алаңдасаңыз, Құлыптау экранындағы хабарландырулар опциясын сөндіріңіз. Хабарландырудың қосымша баптауларын Хабарландырулар және хабарландырулар тізімі бөлімінен қараңыз.
Экран құлыпталған кезде және оны ашқыңыз келсе, Esc пернесін басыңыз немесе тышқанмен экранның төменгі жағынан жоғары қарай сырғытыңыз. Содан кейін парольді енгізіп, Enter пернесін басыңыз немесе Құлпын ашу батырмасын шертіңіз. Сонымен қатар, жай ғана парольді тере бастасаңыз болады, теру кезінде құлыптау шымылдығы автоматты түрде көтеріледі.