Батарея зарядының шамаланған уақыты қате

Батареяның қалған жұмыс уақытын тексергенде, көрсетілген уақыттың батареяның іс жүзіндегі жұмыс уақытынан өзгеше екенін байқауыңыз мүмкін. Бұл батареяның қалған жұмыс уақытын тек шамалап қана есептеуге болатындығымен түсіндіріледі. Әдетте, уақыт өте келе есептеулер дәлірек болады.

Батареяның қалған жұмыс уақытын есептеу үшін бірқатар факторларды ескеру қажет. Оның бірі — компьютердің қазіргі уақытта тұтынып жатқан қуат мөлшері: қуат тұтынуы қанша бағдарлама ашық екеніне, қандай құрылғылар қосылғанына және қарқынды тапсырмаларды (мысалы, жоғары ажыратылымды видео көру немесе музыкалық файлдарды түрлендіру) орындап жатқаныңызға байланысты болады. Бұл әр сәтте өзгеріп отырады және оны болжау қиын.

Тағы бір фактор — батареяның зарядының таусылу тәсілі. Кейбір батареялар заряды азайған сайын тезірек таусылады. Батарея зарядының қалай таусылатыны туралы дәл ақпарат болмаса, қалған жұмыс уақытын тек шамалап қана есептеуге болады.

Батарея заряды таусылған сайын, қуат менеджері оның сипаттарын анықтап, батареяның жұмыс уақытын жақсырақ есептеуді үйренеді. Дегенмен, олар ешқашан толықтай дәл болмайды.

Егер сізге батареяның жұмыс уақыты туралы мүлдем қисынсыз мән көрсетілсе (мысалы, жүздеген күн), қуат менеджеріне дұрыс есептеу жүргізу үшін қажетті кейбір деректер жетіспеуі мүмкін.

Егер сіз қуат көзін ажыратып, ноутбукті біраз уақыт батареядан істетіп, содан кейін оны қайта қосып, зарядтасаңыз, қуат менеджері қажетті деректерді ала алуы керек.