Экранның ажыратымдылығын немесе бағдарын өзгерту

Экран ажыратымдылығын өзгерту арқылы экрандағы нәрселердің қаншалықты үлкен (немесе егжей-тегжейлі) көрінетінін өзгерте аласыз. Бұрылуды өзгерту арқылы нәрселердің қай жағы жоғары болатынын өзгерте аласыз (мысалы, егер сізде бұрылатын дисплей болса).

  1. Іс-әрекеттер шолуын ашып, Дисплейлер деп жаза бастаңыз.

  2. Панельді ашу үшін Дисплейлер пәрменін шертіңіз.

  3. Егер сізде бірнеше дисплей болса және олар айналы болмаса, әр дисплейде әртүрлі баптаулар болуы мүмкін. Алдын ала қарау аймағында дисплейді таңдаңыз.

  4. Бағдарды, ажыратымдылықты немесе масштабты және жаңарту жиілігін таңдаңыз.

  5. Іске асыру батырмасын шертіңіз. Жаңа баптаулар кері қайтарылғанға дейін 20 секунд бойы қолданылады. Осылайша, жаңа баптаулармен ештеңе көрінбесе, ескі баптауларыңыз автоматты түрде қалпына келтіріледі. Егер жаңа баптаулар сізге ұнаса, Өзгерістерді сақтау батырмасын шертіңіз.

Бағдар

Кейбір құрылғыларда экранды физикалық түрде көптеген бағыттарға бұруға болады. Панельдегі Бағдар тармағын шертіңіз және Альбомдық, Оң жақ портреттік, Сол жақ портреттік немесе Альбомдық (төңкерілген) ішінен таңдаңыз.

Егер құрылғыңыз экранды автоматты түрде бұрса, жүйелік мәзірдің төменгі жағындағы бұрылуды құлыптау батырмасын пайдаланып, ағымдағы бұрылуды құлыптай аласыз. Құлпын ашу үшін бұрылуды құлпын ашу батырмасын басыңыз

Ажыратымдылық

Ажыратымдылық — бұл экранда көрсетілетін әрбір бағыттағы пиксельдер (экрандағы нүктелер) саны. Әрбір ажыратымдылықтың жақтар арақатынасы, яғни енінің биіктігіне қатынасы болады. Кең экранды дисплейлер 16∶9 жақтар арақатынасын пайдаланады, ал дәстүрлі дисплейлер 4∶3 пайдаланады. Егер сіз дисплейіңіздің жақтар арақатынасына сәйкес келмейтін ажыратымдылықты таңдасаңыз, бұрмалануды болдырмау үшін экранның жоғарғы және төменгі жағына немесе екі жағына қара жолақтар қосу арқылы экран өлшемі реттеледі.

Сіз өзіңізге ұнайтын ажыратымдылықты Ажыратымдылық ашылмалы тізімінен таңдай аласыз. Егер сіз экраныңызға сәйкес келмейтін ажыратымдылықты таңдасаңыз, ол бұлыңғыр немесе пиксельді көрінуі мүмкін.

Негізгі ажыратымдылық

Ноутбук экранының немесе СКД монитордың негізгі ажыратымдылығы — бұл ең жақсы жұмыс істейтін ажыратымдылық: видео сигналдағы пиксельдер экрандағы пиксельдермен дәл сәйкес келеді. Экран басқа ажыратымдылықтарды көрсетуі қажет болғанда, пиксельдерді бейнелеу үшін интерполяция қажет болады, бұл сурет сапасының төмендеуіне әкеледі.

Жаңарту жиілігі

Жаңарту жиілігі — бұл экрандағы суреттің секунд сайын салыну немесе жаңартылу саны.

Өзгермелі жаңарту жиілігі (VRR)

Визуалды бейнелердің тегістігі үшін және қуат тұтынуды оңтайландыру үшін монитордың жаңарту жиілігін мазмұн шығысымен синхрондауға болады.

VRR кадрлар жиілігіне байланысты V-Sync-ті динамикалық түрде ауыстырып қосатын Adaptive V-Sync-тен (кешіктірілген V-Sync) ерекшеленеді.

Таңдаулы жаңарту жиілігі

Оңтайлы визуалды сапаны сақтау үшін таңдаулы жаңарту жиілігін көрсетіңіз.

Масштаб

Масштабтау параметрі экраныңыздың тығыздығына сәйкес келу үшін экранда көрсетілген объектілердің өлшемін ұлғайтып, оларды оқуды жеңілдетеді. 100% немесе 200% таңдаңыз.