Жасырын сымсыз желіге қосылу

Сымсыз желіні «жасырын» болатындай етіп баптауға болады. Жасырын желілер Желі баптауларында көрсетілетін сымсыз желілер тізімінде көрінбейді. Жасырын сымсыз желіге қосылу үшін:

  1. Жоғарғы жолақтың оң жағынан жүйелік мәзірді ашыңыз.

  2. Wi-Fi бағдаршасын таңдаңыз. Мәзірдің Wi-Fi бөлімі жайылады.

  3. Барлық желілер батырмасын шертіңіз.

  4. Терезенің жоғарғы оң жақ бұрышындағы мәзір батырмасын басып, Жасырын желіге қосылу… таңдаңыз.

  5. Пайда болған терезеде Байланыс ашылмалы тізімінен бұрын қосылған жасырын желіні таңдаңыз немесе жаңасы үшін Жаңа таңдаңыз.

  6. Жаңа байланыс үшін желі атын теріңіз және Wi-Fi қауіпсіздігі ашылмалы тізімінен сымсыз қауіпсіздік түрін таңдаңыз.

  7. Парольді немесе қауіпсіздіктің басқа мәліметтерін енгізіңіз.

  8. Қосылу батырмасын шертіңіз.

Желі атының қандай екенін көру үшін сымсыз қол жеткізу нүктесінің немесе роутердің баптауларын тексеру керек болуы мүмкін. Егер сізде желі аты (SSID) болмаса, BSSID (Basic Service Set Identifier, қол жеткізу нүктесінің MAC адресі) пайдалануға болады, ол 02:00:01:02:03:04 сияқты көрінеді және әдетте қол жеткізу нүктесінің төменгі жағында болады.

Сондай-ақ сымсыз қол жеткізу нүктесінің қауіпсіздік баптауларын тексеру керек. WEP және WPA сияқты терминдерді іздеңіз.

Сымсыз желіні жасыру ол туралы білмейтін адамдардың қосылуына жол бермей, қауіпсіздікті жақсартады деп ойлауыңыз мүмкін. Тәжірибеде бұл олай емес; желіні табу сәл қиынырақ, бірақ ол бәрібір анықталады.