Файлдарды сүзгілеу
Бумаларды салыстырған кезде, кейбір файлдарды ескермеуді қалауыңыз мүмкін. Мысалы, екі бумада да бар және әртүрлі файлдарды ғана көріп, бірдей немесе тек бір бумада бар файлдарды ескермеуді қалауыңыз мүмкін. Басқа жағдайда, .git бумасындағы барлық файлдарды немесе барлық суреттерді ескермеуді қалауыңыз мүмкін.
Meld-те қандай файлдарды және айырмашылықтардың қандай түрін көретініңізді басқарудың бірнеше жолы бар. Сіз бумалар арасындағы файл айырмашылықтарына немесе файл мен бума атауларына негізделген сүзгілеуді жасай аласыз. Сондай-ақ, Meld-ке файл атауларын регистрге сезімтал емес ретінде қарастыруды айта аласыз. Сонымен қатар, бума мен файлды салыстыру нәтижелерін өзгерту үшін мәтіндік сүзгілерді пайдалануға болады.
Сіз анықтаған кез келген мәтіндік сүзгілер бумаларды салыстыру кезінде автоматты түрде іске асырылады. Барлық мәтіндік сүзгілер іске асырылғаннан кейін бірдей болатын файлдар әртүрлі ретінде түспен ерекшеленбейді, бірақ курсивпен көрсетіледі.
Файл айырмашылықтарын сүзгілеу
Буманы салыстыру кезінде әрбір жолда салыстырылатын бумалардың кем дегенде біреуінде бар бір файл немесе бума болады. Осы жолдардың әрқайсысы Өзгертілген, Жаңа немесе Бірдей болып жіктеледі:
- Өзгертілген
Файл бірнеше бумада бар, бірақ файлдар әртүрлі
- Жаңа
Файл бір бумада бар, бірақ басқаларында жоқ
- Бірдей
Файл барлық бумаларда бар және барлық жерде бірдей
Құралдар тақтасындағы Файл сүзгілері батырмасын пайдалану арқылы ағымдағы салыстыруда айырмашылықтардың қандай түрлерін көретініңізді өзгертуге болады.
Қазіргі уақытта файлдарды тек күйіне қарай сүзгілеуге болады; бумаларды бұлай сүзгілеу мүмкін емес. Мысалы, Meld-ке тек жаңа файлдары бар барлық бумаларды ескермеуді айта алмайсыз. Тек «Жаңа» файлдары бар бума бос болып көрінеді, бірақ бәрібір бар болады.
Файл аты бойынша сүзгілеу
Meld файлдар мен бумаларды, мысалы, әдеттегі сақтық көшірме файлдарын және нұсқаларды басқару жүйелерінің метадеректер бумаларын ескермеуге мүмкіндік беретін пайдалы файл атауларының сүзгілері жиынтығымен бірге келеді. Әрбір файл атының сүзгісін құралдар тақтасындағы Файл сүзгілері батырмасынан бөлек іске қосуға немесе сөндіруге болады.
Файл аты сүзгілерін Баптаулар сұхбат терезесінің Файл сүзгілері бөлімінен қосуға, өшіруге немесе өзгертуге болады. Файл аты сүзгілері буманы салыстыру кезінде қаралмайтын файл атауларының үлгілерін көрсетеді. Белсенді сүзгіге сәйкес келетін кез келген файл тіпті ағаш құрылымды салыстыруда көрсетілмейді. Файл аты сүзгілері файлдарға да, бумаларға да сәйкес келеді; егер бума сүзгіге сәйкес келсе, ол және оның бүкіл мазмұны ескерілмейді.
Файл аты сүзгілері shell glob үлгілеріне сәйкес келеді. Мысалы, *.jpg үлгісі .jpg-мен аяқталатын барлық файл атауларына сәйкес келеді. Төмендегі кестеде Meld танитын барлық shell glob таңбалары көрсетілген.
Shell glob үлгілері
Жиынтық таңба |
Сәйкестік |
* |
кез келген нәрсе (яғни, нөл немесе одан да көп таңба) |
? |
дәл бір таңба |
[abc] |
тізімделген таңбалардың кез келгені |
[!abc] |
тізімделген таңбалардан басқа кез келген нәрсе |
{cat,dog} |
не «cat» не «dog» |
Баптаулар сұхбат терезесінде сүзгінің Белсенді параметрін өзгерту сол сүзгінің бастапқыда белсенді болу-болмауын өзгертеді.
Мәзірден немесе құралдар тақтасынан сүзгіні іске қосу сүзгіні тек осы салыстыру үшін қосады немесе сөндіреді.
Файл атауларының регистріне сезімтал еместігі
Файлдар бумалар арасында атауларына сәйкес салыстырылады. Бұл салыстыру бастапқыда регистрге сезімтал; яғни, README, readme және ReadMe файлдарының барлығы әртүрлі файлдар ретінде көрінеді.
Кейбір файлдық жүйелерде (мысалы, HFS+ немесе FAT) бумаларды салыстыру кезінде Meld-ке файл атауларын регистрге сезімтал емес ретінде өңдетуді қалауыңыз мүмкін. Бұны құралдар тақтасындағы Файл сүзгілері батырмасын пайдаланып, Файл аты регистрін ескермеу тармағын таңдау арқылы жасауға болады.