Сымсыз желі ақауларын жою құралы

Жұмыс істейтін құрылғы драйверлері орнатылғанына көз жеткізіңіз

Бұл қадамда сымсыз адаптеріңіз үшін жұмыс істейтін құрылғы драйверлерін ала алатыныңызды тексеруге болады. Құрылғы драйвері — бұл компьютерге жабдық құрылғысын қалай дұрыс жұмыс істету керектігін айтатын бағдарламалық қамтама бөлігі. Сымсыз адаптерді компьютер танығанымен, оның өте жақсы жұмыс істейтін драйверлері болмауы мүмкін. Сымсыз адаптер үшін жұмыс істейтін басқа драйверлерді табуыңыз мүмкін. Төмендегі опциялардың кейбірін қолданып көріңіз:

  • Сымсыз адаптеріңіз қолдау көрсетілетін құрылғылар тізімінде бар-жоғын тексеріңіз.

    Linux дистрибутивтерінің көбісі өздері қолдау көрсететін сымсыз құрылғылардың тізімін жүргізеді. Кейде бұл тізімдер белгілі бір адаптерлердің драйверлерін қалай дұрыс жұмыс істету керектігі туралы қосымша ақпаратты береді. Өз дистрибутивіңіздің тізіміне өтіңіз (мысалы, Ubuntu, Arch, Fedora немесе openSUSE) және сымсыз адаптеріңіздің өндірушісі мен моделі тізімде бар-жоғын тексеріңіз. Сымсыз драйверлеріңізді жұмыс істету үшін ондағы кейбір ақпаратты пайдалана аласыз.

  • Шектеулі (бинарлы) драйверлерді іздеңіз.

    Көптеген Linux дистрибутивтері тек еркін және ашық бастапқы коды бар құрылғы драйверлерімен бірге келеді. Себебі олар меншікті немесе жабық бастапқы коды бар драйверлерді тарата алмайды. Егер сымсыз адаптеріңізге арналған дұрыс драйвер тек еркін емес немесе «тек бинарлы» нұсқада қолжетімді болса, ол әдепкі бойынша орнатылмауы мүмкін. Олай болса, сымсыз адаптер өндірушісінің веб-сайтынан оларда Linux драйверлері бар-жоғын тексеріңіз.

    Кейбір Linux дистрибутивтерінде сіз үшін шектеулі драйверлерді жүктеп ала алатын сайман бар. Егер дистрибутивіңізде осындай сайман болса, оны сымсыз драйверлерді табу үшін пайдаланыңыз.

  • Адаптеріңіз үшін Windows драйверлерін пайдаланыңыз.

    Жалпы, бір операциялық жүйеге (мысалы, Windows) арналған құрылғы драйверін басқа операциялық жүйеде (мысалы, Linux) пайдалана алмайсыз. Бұл олардың құрылғылармен жұмыс істеу тәсілдерінің әртүрлі болуына байланысты. Дегенмен, сымсыз адаптерлер үшін Linux-те кейбір Windows сымсыз драйверлерін пайдалануға мүмкіндік беретін NDISwrapper деп аталатын үйлесімділік қабатын орнатуға болады. Бұл пайдалы, өйткені сымсыз адаптерлер үшін Windows драйверлері дерлік әрқашан қолжетімді, ал Linux драйверлері кейде қолжетімді болмайды. NDISwrapper-ді қалай пайдалану керектігі туралы көбірек ақпаратты осы жерден біле аласыз. Барлық сымсыз драйверлерді NDISwrapper арқылы пайдалану мүмкін емес екенін ескеріңіз.

Егер осы опциялардың ешқайсысы жұмыс істемесе, басқа сымсыз адаптерді қолданып көруіңізге болады. USB сымсыз адаптерлері әдетте өте арзан және кез келген компьютерге қосылады. Дегенмен, адаптерді сатып алмас бұрын оның Linux дистрибутивімен үйлесімді екенін тексеруіңіз керек.