Тышқан курсоры қозғалмайды

Тышқанның қосылғанын тексеріңіз

Егер сізде кабельді тышқан болса, оның компьютерге нық қосылғанын тексеріңіз.

Егер бұл USB тышқан болса (тікбұрышты коннекторы бар), оны басқа USB портына қосып көріңіз. Егер ол PS/2 тышқаны болса (алты істікшелі кішкентай, дөңгелек коннекторы бар), оның күлгін пернетақта портына емес, жасыл тышқан портына қосылғанына көз жеткізіңіз. Егер ол қосылмаған болса, компьютерді қайта іске қосу қажет болуы мүмкін.

Тышқанның шынымен жұмыс істейтінін тексеріңіз

Тышқанды басқа компьютерге қосып, оның жұмыс істейтінін тексеріңіз.

Егер тышқан оптикалық немесе лазерлік болса, ол қосулы кезде оның астынан жарық шығып тұруы керек. Егер жарық болмаса, оның қосулы екенін тексеріңіз. Егер ол қосулы болса және әлі де жарық болмаса, тышқан істен шыққан болуы мүмкін.

Сымсыз тышқандарды тексеру

  • Тышқанның қосулы екеніне көз жеткізіңіз. Тышқанды толығымен өшіру үшін жиі оның астында ауыстырып-қосқыш болады, сонда оны өзіңізбен алып жүргенде ол үнемі оянбайды.

  • Егер сіз Bluetooth тышқанын пайдалансаңыз, оны компьютермен шынымен жұптастырғаныңызға көз жеткізіңіз. Компьютеріңізді Bluetooth құрылғысына жалғаңыз бөлімін қараңыз.

  • Батырманы шертіп, тышқан курсорының қозғалатынын тексеріңіз. Кейбір сымсыз тышқандар қуатты үнемдеу үшін ұйқы режиміне өтеді, сондықтан батырманы шерткенше жауап бермеуі мүмкін. Тышқан жұмыс істер алдында кідіріспен жауап береді бөлімін қараңыз.

  • Тышқан батареясының заряды бар екенін тексеріңіз.

  • Ресивердің (адаптердің) компьютерге нық қосылғанына көз жеткізіңіз.

  • Егер тышқан мен ресивер әртүрлі радиоарналарда жұмыс істей алса, олардың екеуі де бір арнаға орнатылғанына көз жеткізіңіз.

  • Байланыс орнату үшін тышқандағы, ресивердегі немесе екеуіндегі батырманы басу қажет болуы мүмкін. Егер солай болса, тышқанның пайдаланушы нұсқаулығында толығырақ мәліметтер болуы керек.

Көптеген RF (радио) сымсыз тышқандар компьютерге қосылғанда автоматты түрде жұмыс істеуі керек. Егер сізде Bluetooth немесе IR (инфрақызыл) сымсыз тышқан болса, оны іске қосу үшін қосымша қадамдарды орындау қажет болуы мүмкін. Қадамдар тышқанның маркасына немесе моделіне байланысты болуы мүмкін.