Файлдар мен бумаларды көшіру немесе жылжыту

Файлды немесе буманы тышқанмен сүйреп апару, көшіру және кірістіру командаларын пайдалану немесе пернетақта жарлықтарын пайдалану арқылы жаңа орынға көшіруге немесе жылжытуға болады.

Мысалы, презентацияны жұмысқа ала кету үшін оны флешкаға көшіргіңіз келуі мүмкін. Немесе құжатқа өзгерістер енгізбес бұрын оның сақтық көшірмесін жасай аласыз (содан кейін өзгерістер ұнамаса, ескі көшірмені пайдаланасыз).

Бұл нұсқаулар файлдар мен бумалардың екеуіне де іске асырылады. Сіз файлдар мен бумаларды дәл бірдей жолмен көшіресіз және жылжытасыз.

Файлдарды көшіру және кірістіру

  1. Көшіргіңіз келетін файлды бір рет шерту арқылы таңдаңыз.

  2. Оң жақ батырмамен шертіп, Көшіру таңдаңыз немесе Ctrl+C басыңыз.

  3. Файлдың көшірмесін салғыңыз келетін басқа бумаға өтіңіз.

  4. Файлды көшіруді аяқтау үшін оң жақ батырмамен шертіп, Кірістіру таңдаңыз немесе Ctrl+V басыңыз. Енді файлдың көшірмесі бастапқы бумада да, басқа бумада да болады.

Файлдарды жылжыту үшін қиып алу және кірістіру

  1. Жылжытқыңыз келетін файлды бір рет шерту арқылы таңдаңыз.

  2. Оң жақ батырмамен шертіп, Қиып алу таңдаңыз немесе Ctrl+X басыңыз.

  3. Файлды жылжытқыңыз келетін басқа бумаға өтіңіз.

  4. Файлды жылжытуді аяқтау үшін оң жақ батырмамен шертіп, Кірістіру таңдаңыз немесе Ctrl+V басыңыз. Файл бастапқы бумасынан алынып, басқа бумаға жылжытылады.

Көшіру немесе жылжыту үшін файлдарды сүйреу

  1. Файл менеджерін ашып, көшіргіңіз келетін файлы бар бумаға өтіңіз.

  2. Екінші терезені ашу үшін терезенің бүйірлік панеліндегі мәзір батырмасын басып, Жаңа терезе таңдаңыз (немесе Ctrl+N басыңыз). Жаңа терезеде файлды жылжытқыңыз немесе көшіргіңіз келетін бумаға өтіңіз.

  3. Файлды бір терезеден екіншісіне шертіп, сүйреңіз. Егер нысана бір құрылғыда болса, бұл оны жылжытады, ал нысана басқа құрылғыда болса, оны көшіреді.

    Мысалы, файлды USB флешкасынан Үй бумасына сүйресеңіз, ол көшіріледі, себебі сіз оны бір құрылғыдан екіншісіне сүйреп жатырсыз.

    Сүйреу кезінде Ctrl пернесін басып тұру арқылы файлды мәжбүрлі түрде көшіруге болады, немесе сүйреу кезінде Shift пернесін басып тұру арқылы оны мәжбүрлі түрде жылжытуға болады.

Файлды тек оқуға арналған бумаға көшіре немесе жылжыта алмайсыз. Кейбір бумалар олардың мазмұнына өзгерістер енгізуіңізге жол бермеу үшін тек оқуға арналған болады. Сіз файл рұқсаттарын өзгерту арқылы нысандарды тек оқуға арналған күйден шығара аласыз.