Сервердегі немесе желілік ортақ ресурстағы файлдарды шолу
Сервердегі файлдарды өз компьютеріңіздегідей шолу және қарау үшін серверге немесе желілік ортақ ресурсқа қосыла аласыз. Бұл интернеттен файлдарды жүктеп алу немесе жүктеп салу, сондай-ақ жергілікті желідегі басқа адамдармен файлдарды бөлісу үшін ыңғайлы жол.
Желі арқылы файлдарды шолу үшін Әрекеттер шолуынан Файлдар қолданбасын ашыңыз және бүйірлік панельдегі Басқа орындар батырмасын шертіңіз. Файл менеджері жергілікті желідегі файлдарды ұсына алатын кез келген компьютерді табады. Егер сіз интернеттегі серверге қосылғыңыз келсе немесе іздеген компьютеріңізді көрмесеңіз, оның интернет/желі адресін теру арқылы серверге қолмен қосыла аласыз.
Файлдар серверіне қосылу
Файл менеджерінде бүйірлік панельдегі Басқа орындар батырмасын шертіңіз.
-
Серверге қосылу терезесінде сервер адресін URL түрінде енгізіңіз. Қолдау көрсетілетін URL мекенжайлары туралы мәліметтер төменде келтірілген.
Егер сіз бұрын серверге қосылған болсаңыз, оны Соңғы серверлер тізімінен шерте аласыз.
Қосылу батырмасын шертіңіз. Сервердегі файлдар көрсетіледі. Файлдарды өз компьютеріңіздегідей шолуға болады. Болашақта жылдам қол жеткізу үшін сервер бүйірлік панельге де қосылады.
URL мекенжайларын жазу
URL немесе біркелкі ресурстардың орналасу көрсеткіші — желідегі орынға немесе файлға сілтейтін адрес түрі. Адрес келесі пішімде болады:
scheme://servername.example.com/folder
scheme бөлігі хаттаманы немесе сервер түрін көрсетеді. Адрестің example.com бөлігі домен аты деп аталады. Егер пайдаланушы аты қажет болса, ол сервер атының алдына қойылады:
scheme://username@servername.example.com/folder
Кейбір схемалар порт нөмірін көрсетуді талап етеді. Оны домен атынан кейін кірістіріңіз:
scheme://servername.example.com:port/folder
Төменде қолдау көрсетілетін әртүрлі сервер түрлеріне арналған нақты мысалдар берілген.
Серверлер түрлері
Серверлердің әртүрлі түрлеріне қосылуға болады. Кейбір серверлер ашық және кез келген адамға қосылуға мүмкіндік береді. Басқа серверлер пайдаланушы атымен және парольмен кіруді талап етеді.
Сервердегі файлдарға қатысты кейбір әрекеттерді орындауға рұқсатыңыз болмауы мүмкін. Мысалы, ашық FTP сайттарында файлдарды өшіре алмауыңыз мүмкін.
Сіз енгізетін URL сервердің файлдық ортақ ресурстарын экспорттау үшін қолданатын хаттамасына байланысты.
- SSH
-
Егер сізде серверде қауіпсіз қоршам тіркелгісі болса, осы әдіс арқылы қосыла аласыз. Көптеген веб-хостингтер файлдарды қауіпсіз жүктеп салу үшін мүшелерге SSH тіркелгілерін ұсынады. SSH серверлері әрқашан жүйеге кіруді талап етеді.
Әдеттегі SSH URL мекенжайы келесідей болады:
ssh://username@servername.example.com/folder
SSH пайдаланған кезде, сіз жіберетін барлық деректер (соның ішінде пароліңіз) желідегі басқа пайдаланушылар оны көре алмайтындай етіп шифрланады.
- FTP (кіруімен)
-
FTP — интернетте файлдармен алмасудың танымал жолы. Деректер FTP арқылы шифрланбағандықтан, қазір көптеген серверлер SSH арқылы қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Дегенмен, кейбір серверлер файлдарды жүктеп салу немесе жүктеп алу үшін әлі де FTP пайдалануға мүмкіндік береді немесе талап етеді. Жүйеге кіруі бар FTP сайттары әдетте файлдарды өшіруге және жүктеп салуға мүмкіндік береді.
Әдеттегі FTP URL мекенжайы келесідей болады:
ftp://username@ftp.example.com/path/
- Ашық FTP
-
Файлдарды жүктеп алуға мүмкіндік беретін сайттар кейде ашық немесе анонимді FTP қолжетімділігін ұсынады. Бұл серверлер пайдаланушы атын және парольді талап етпейді және әдетте файлдарды өшіруге немесе жүктеп салуға мүмкіндік бермейді.
Әдеттегі анонимді FTP URL мекенжайы келесідей болады:
ftp://ftp.example.com/path/
Кейбір анонимді FTP сайттары ашық пайдаланушы атымен және парольмен немесе электрондық пошта адресін пароль ретінде пайдаланып, ашық пайдаланушы атымен жүйеге кіруді талап етеді. Бұл серверлер үшін FTP (кіруімен) әдісін пайдаланыңыз және FTP сайтында көрсетілген деректерді қолданыңыз.
- Windows ортақ ресурстары
-
Windows компьютерлері жергілікті желіде файлдарды бөлісу үшін меншікті хаттаманы пайдаланады. Windows желісіндегі компьютерлер ұйымдастыру және қол жеткізуді жақсырақ басқару үшін кейде домендерге топтастырылады. Егер қашықтағы компьютерде тиісті рұқсаттарыңыз болса, файл менеджерінен Windows ортақ ресурсына қосыла аласыз.
Әдеттегі Windows ортақ ресурстың URL мекенжайы келесідей болады:
smb://servername/Share
- WebDAV және қауіпсіз WebDAV
-
Вебте қолданылатын HTTP хаттамасына негізделген WebDAV кейде жергілікті желіде файлдарды бөлісу және интернетте файлдарды сақтау үшін қолданылады. Егер сіз қосылатын сервер қауіпсіз қосылымдарды қолдаса, осы опцияны таңдауыңыз керек. Қауіпсіз WebDAV сенімді SSL шифрлауын пайдаланады, сондықтан басқа пайдаланушылар пароліңізді көре алмайды.
WebDAV URL мекенжайы келесідей болады:
dav://example.hostname.com/path
- NFS ортақ ресурсы
-
UNIX компьютерлері дәстүрлі түрде жергілікті желі арқылы файлдарды бөлісу үшін Network File System хаттамасын пайдаланады. NFS жүйесінде қауіпсіздік ортақ ресурсқа қол жеткізетін пайдаланушының UID-іне негізделген, сондықтан қосылу кезінде аутентификация деректері қажет емес.
Әдеттегі NFS ортақ ресурстың URL мекенжайы келесідей болады:
nfs://servername/path