Медиа карта оқығыштарындағы мәселелер
Көптеген компьютерлерде SD, MMC, SM, MS, CF және басқа да сақтау медиа карталарына арналған оқығыштар бар. Олар автоматты түрде анықталып, тіркелуі тиіс. Егер олай болмаса, міне кейбір ақаулықтарды іздеу қадамдары:
Картаның дұрыс салынғанына көз жеткізіңіз. Көптеген карталар дұрыс салынған кезде төңкеріліп тұрғандай көрінеді. Сондай-ақ картаның ұяшыққа нық орналасқанына көз жеткізіңіз; кейбір карталар, әсіресе CF, дұрыс кірістіру үшін аздап күш салуды қажет етеді. (Тым қатты баспауға тырысыңыз! Егер қатты бірдеңеге тірелсеңіз, күштемеңіз.)
Іс-әрекеттер көрінісінен Файлдар қолданбасын ашыңыз. Салынған карта сол жақ бүйірлік панельде пайда болды ма? Кейде карта бұл тізімде пайда болады, бірақ тіркелмейді; тіркеу үшін оны бір рет шертіңіз. (Егер бүйірлік панель көрінбесе, F9 басыңыз немесе жоғарғы панельдегі Файлдар мәзірін шертіп, Бүйірлік панель таңдаңыз.)
Егер картаңыз бүйірлік панельде көрінбесе, Ctrl+L басыңыз, содан кейін computer:/// теріп, Enter басыңыз. Егер карта оқығышыңыз дұрыс бапталған болса, карта жоқ кезде оқығыш диск ретінде, ал карта тіркелген кезде картаның өзі пайда болуы керек.
Егер сіз карта оқығышты көріп, бірақ картаны көрмесеңіз, мәселе картаның өзінде болуы мүмкін. Басқа картаны байқап көріңіз немесе мүмкін болса, картаны басқа оқығышта тексеріңіз.
Егер Компьютер орнын шолу кезінде ешқандай карта немесе диск көрсетілмесе, драйвер мәселелеріне байланысты карта оқығышыңыз Linux-та жұмыс істемеуі мүмкін. Егер карта оқығышыңыз ішкі болса (сыртта емес, компьютердің ішінде), бұл ықтималдығы жоғары. Ең жақсы шешім — құрылғыңызды (камера, ұялы телефон т.б.) тікелей компьютердегі USB портына қосу. USB сыртқы карта оқығыштары да қолжетімді және олар Linux-та әлдеқайда жақсырақ қолдау көрсетіледі.