Томдарды және бөлімдерді басқару
Том сөзі қатты диск сияқты сақтау құрылғысын сипаттау үшін қолданылады. Ол сонымен қатар сол құрылғыдағы сақтау орнының бөлігіне де қатысты болуы мүмкін, өйткені сіз сақтау орнын бөліктерге бөле аласыз. Компьютер бұл сақтау орнына файлдық жүйе арқылы тіркеу деп аталатын процесс арқылы қол жеткізуге мүмкіндік береді. Тіркелген томдар қатты дискілер, USB дискілері, DVD-RW дискілері, SD карталары және басқа тасушылар болуы мүмкін. Егер том қазір тіркелген болса, сіз ондағы файлдарды оқи аласыз (және мүмкін жаза аласыз).
Жиі тіркелген том бөлім деп аталады, бірақ олар міндетті түрде бір нәрсе емес. «Бөлім» бір диск жетегіндеғы сақтау орнының физикалық аймағын білдіреді. Бөлім тіркелгеннен кейін оны том деп атауға болады, себебі сіз ондағы файлдарға қол жеткізе аласыз. Томдарды бөлімдер мен жетектердің функционалды «артқы бөлмелеріне» баратын белгіленген, қолжетімді «дүкен сөрелері» ретінде қарастыруға болады.
Диск утилитасын пайдаланып томдар мен бөлімдерді қарау және басқару
Диск утилитасы арқылы компьютеріңіздің сақтау томдарын тексеруге және өзгертуге болады.
Іс-әрекеттер шолуын ашып, Дискілер бағдарламасын іске қосыңыз.
Сол жақтағы сақтау құрылғыларының тізімінен сіз қатты дискілерді, CD/DVD жетектерін және басқа физикалық құрылғыларды таба аласыз. Тексергіңіз келетін құрылғыны шертіңіз.
-
Оң жақ панель таңдалған құрылғыдағы томдар мен бөлімдердің көрнекі жіктелуін береді. Онда сондай-ақ осы томдарды басқару үшін пайдаланылатын түрлі саймандар бар.
Абай болыңыз: бұл утилиталардың көмегімен дискідегі деректерді толығымен өшіру мүмкін.
Компьютеріңізде кем дегенде бір негізгі бөлім және бір swap (айырбастау) бөлімі болуы әбден мүмкін. Swap бөлімін операциялық жүйе жадты басқару үшін пайдаланады және ол сирек тіркеледі. Негізгі бөлімде операциялық жүйеңіз, қолданбаларыңыз, баптауларыңыз бен жеке файлдарыңыз болады. Бұл файлдар қауіпсіздік немесе ыңғайлылық үшін бірнеше бөлімдерге таратылуы да мүмкін.
Бір негізгі бөлімде компьютеріңізді іске қосу немесе жүктеу үшін пайдаланатын ақпарат болуы тиіс. Осы себепті оны кейде жүктеу бөлімі немесе жүктеу томы деп атайды. Томның жүктелетін екенін анықтау үшін бөлімді таңдап, бөлімдер тізімінің астындағы саймандар панеліндегі мәзір батырмасын шертіңіз. Содан кейін Бөлімді түзету… пәрменін шертіп, оның Жалаушалар бөлімін қараңыз. USB дискілері мен CD сияқты сыртқы тасушыларда да жүктелетін том болуы мүмкін.