Бірнеше файлдың атын өзгерту

Файлдар қолданбасын файлдар тобының атын өзгерту үшін пайдалануға болады. Үлгіні пайдаланып атын өзгерту немесе Мәтінді табу және ауыстыру опциясын пайдалануға болады.

Үлгіні пайдаланып атын өзгерту үшін:

  1. Файлдар қолданбасында екі немесе одан да көп файлды таңдаңыз.

  2. F2 пернесін басыңыз немесе таңдалған файлдарды оң жақпен шертіп, Атын өзгерту таңдаңыз. Атын өзгерту терезесі ашылады.

  3. Үлгіні пайдаланып атын өзгерту опциясы таңдалғанына көз жеткізіңіз.

    Аты өрісінде толтырғыш ретінде "[Түпнұсқа файл аты]" болады. Оны өшіруге немесе + Қосу мәзірінен қайта қосуға болады.

    Қажетті үлгіні жасау үшін әріптерді, сөздерді немесе сандарды қосу үшін "[Түпнұсқа файл аты]" алдында немесе артында шертіңіз.

    Кейбір құрылғыларда белгілі бір таңбаларды пайдаланбаған жөн.

    Файлдарларды ретімен нөмірлеу үшін, автоматты түрде қосылатын санның цифрлар санын таңдау үшін + Қосу батырмасын шертіңіз. Егер сіз 10 немесе одан көп, бірақ 100-ден аз файлдың атын өзгертсеңіз, екі цифрды (01, 02, 03, 04) таңдаңыз. Егер атын өзгерту қажет файлдар саны 99-дан көп болса, үш цифрды (001, 002, 003, 004) таңдаңыз.

    Алдын ала қарау тізімінде сол жақта ағымдағы файл аттары, ал оң жақта нәтижесіндегі файл аттары көрсетіледі.

  4. Өзіңіз жасаған үлгіні іске асыру үшін Атын өзгерту батырмасын шертіңіз, сонда файлдардың аты өзгереді.

Файлдың атын өзгерткен кезде файл кеңейтуі емес (соңғы . таңбасынан кейінгі бөлік), тек файл атының бірінші бөлігі таңдалады. Кеңейту әдетте файлдың түрін білдіреді (мысалы, file.pdf — бұл PDF құжаты) және сіз әдетте оны өзгерткіңіз келмейді. Егер сізге кеңейтуді де өзгерту керек болса, файлдың толық атын таңдап, оны өзгертіңіз.

Мәтінді табу және ауыстыру арқылы атын өзгерту үшін:

  1. Файлдар қолданбасында екі немесе одан да көп файлды таңдаңыз.

  2. F2 пернесін басыңыз немесе таңдалған файлдарды оң жақпен шертіп, Атын өзгерту таңдаңыз.

  3. Мәтінді табу және ауыстыру таңдаңыз.

  4. Бар мәтін өрісіне ауыстырылатын мәтінді теріңіз. Ауыстыру өрісіне жаңа мәтінді теріңіз. Алдын ала қарау тізімінде сол жақта ағымдағы файл аттары, ал оң жақта нәтижесіндегі файл аттары көрсетіледі.

  5. Алдын ала қарау терезесіндегі ауыстыруды қабылдау үшін Атын өзгерту батырмасын шертіңіз, сонда файлдардың аты өзгереді.

Егер сіз қате файлдың атын өзгертсеңіз немесе файлға дұрыс емес ат берсеңіз, атын өзгерту әрекетінен бас тарта аласыз. Әрекетті болдырмау үшін, бұрынғы атын қалпына келтіру үшін бірден бүйірлік панельдегі мәзір батырмасын басып, Атын өзгертуді болдырмау таңдаңыз немесе Ctrl+Z басыңыз.