Зақымдалған файлдық жүйені жөндеу
Күтпеген жерден қуаттың өшуі, жүйенің істен шығуы және жетекті қауіпсіз емес түрде ажырату салдарынан файлдық жүйелер бұзылуы мүмкін. Мұндай оқиғадан кейін болашақта деректердің жоғалуын болдырмау үшін файлдық жүйені жөндеу немесе кем дегенде тексеру ұсынылады.
Кейде файлдық жүйені тіркеу немесе өзгерту үшін жөндеу қажет болады. Тіпті тексеру ешқандай зақымды көрсетпесе де, файлдық жүйе іштей «кір» деп белгіленуі және жөндеуді қажет етуі мүмкін.
Файлдық жүйенің зақымдалғанын тексеру
Белсенділіктер көрінісінен Дискілер қолданбасын ашыңыз.
Сол жақтағы сақтау құрылғыларының тізімінен қарастырылып отырған файлдық жүйесі бар дискіні таңдаңыз. Егер дискіде бірнеше том болса, файлдық жүйесі бар томды таңдаңыз.
Томдар бөлімінің астындағы саймандар панелінде мәзір батырмасын шертіңіз. Содан кейін Файлдық жүйені тексеру… пәрменін шертіңіз.
-
Файлдық жүйеде қанша дерек сақталғанына байланысты тексеру ұзақ уақыт алуы мүмкін. Пайда болған сұхбат терезесінде әрекетті бастауды растаңыз.
Әрекет файлдық жүйені өзгертпейді, бірақ қажет болса, оны тіркеуден шығарады. Файлдық жүйе тексеріліп жатқанда күте тұрыңыз.
Аяқталғаннан кейін файлдық жүйенің зақымдалған-зақымдалмағаны туралы хабарланады. Кейбір жағдайларда файлдық жүйе зақымдалмаған болса да, ішкі «кір» белгісін тастау үшін оны жөндеу қажет болуы мүмкін екенін ескеріңіз.
Жөндеу кезіндегі деректердің ықтимал жоғалуы
Егер файлдық жүйе құрылымы зақымдалған болса, бұл онда сақталған файлдарға әсер етуі мүмкін. Кейбір жағдайларда бұл файлдарды қайтадан жарамды күйге келтіру мүмкін болмайды және олар өшіріледі немесе арнайы бумаға көшіріледі. Әдетте бұл қалпына келтірілген файл бөліктерін файлдық жүйенің жоғарғы деңгейдегі бумасындағы lost+found бумасынан табуға болады.
Егер деректер осы процесс кезінде жоғалтып алу үшін тым құнды болса, жөндеу алдында томның суретін сақтау арқылы оның резервтік көшірмесін жасау ұсынылады.
Содан кейін бұл суретті жөндеу кезінде қалпына келтірілмеген жетіспейтін файлдар мен деректер бөліктерін, сондай-ақ бұрын өшірілген файлдарды одан әрі қалпына келтіру үшін sleuthkit сияқты криминалистік талдау саймандарымен өңдеуге болады.
Файлдық жүйені жөндеу
Белсенділіктер көрінісінен Дискілер қолданбасын ашыңыз.
Сол жақтағы сақтау құрылғыларының тізімінен қарастырылып отырған файлдық жүйесі бар дискіні таңдаңыз. Егер дискіде бірнеше том болса, файлдық жүйесі бар томды таңдаңыз.
Томдар бөлімінің астындағы саймандар панелінде мәзір батырмасын шертіңіз. Содан кейін Файлдық жүйені жөндеу… пәрменін шертіңіз.
-
Файлдық жүйеде қанша дерек сақталғанына байланысты жөндеу ұзақ уақыт алуы мүмкін. Пайда болған сұхбат терезесінде әрекетті бастауды растаңыз.
Әрекет қажет болса, файлдық жүйені тіркеуден шығарады. Жөндеу әрекеті файлдық жүйені сәйкес күйге келтіруге тырысады және зақымдалған файлдарды арнайы бумаға көшіреді. Файлдық жүйе жөнделіп жатқанда күте тұрыңыз.
-
Аяқталғаннан кейін файлдық жүйенің сәтті жөнделгені немесе жөнделмегені туралы хабарланады. Сәтті болған жағдайда оны әдеттегідей қайтадан пайдалануға болады.
Егер файлдық жүйені жөндеу мүмкін болмаса, кейінірек маңызды файлдарды ала алу үшін томның суретін сақтау арқылы оның резервтік көшірмесін жасаңыз. Бұл суретті тек оқу үшін тіркеу немесе sleuthkit сияқты криминалистік талдау саймандарын пайдалану арқылы жасауға болады.
Томды қайта пайдалану үшін оны жаңа файлдық жүйемен пішімдеу керек. Барлық деректер жойылады.