Жады карталарын пайдалану

Виртуалды жады — бұл жүйедегі біріктірілген физикалық жады мен своп аймағының көрінісі. Ол орындалып жатқан процестерге физикалық жадыдағы орындарды дискідегі файлдарға сәйкестендіру арқылы бар физикалық жадыдан көбірек қол жеткізуге мүмкіндік береді. Жүйеге қолжетімді жадыдан көбірек беттер қажет болғанда, кейбір бар беттер свопқа шығарылады немесе своп аймағына жазылады.

Жады картасы процестің жалпы виртуалды жады қолданысын көрсетеді және оны бағдарламаның бір немесе бірнеше данасын іске қосудың жады шығынын анықтау үшін, дұрыс ортақ кітапханалардың қолданылуын тексеру үшін, бағдарламаның әртүрлі өнімділікті баптау параметрлерінің нәтижелерін көру үшін немесе жадының жылыстауы сияқты мәселелерді анықтау үшін пайдалануға болады.

Процестің жады картасын көрсету үшін:

  1. Процестер бетін шертіңіз.

  2. Процестер тізіміндегі қажетті процесті оң жақ батырмамен шертіңіз.

  3. Жады карталары батырмасын шертіңіз.

Жады картасын оқу

  • Адрестер он алтылық жүйеде (негізі 16) көрсетіледі.

  • Өлшемдер IEC екілік префикстерінде көрсетіледі.

  • Орындалу уақытында процесс үйінді (heap) деп аталатын аймаққа динамикалық түрде көбірек жады бөле алады және аргументтер мен айнымалыларды стек (stack) деп аталатын басқа аймақта сақтай алады.

  • Бағдарламаның өзі және ортақ кітапханаларның әрқайсысының үштен жазбасы болады: біреуі оқу-орындау мәтіндік сегменті үшін, біреуі оқу-жазу деректер сегменті үшін және біреуі тек оқуға арналған деректер сегменті үшін. Деректер сегменттерінің екеуі де своптау кезінде свопқа шығарылуы керек.

Қасиеттері

Файл аты

Процесс қазіргі уақытта қолданып жатқан ортақ кітапхананың орналасқан жері. Егер бұл өріс бос болса, осы жолдағы жады ақпараты аты жады картасы кестесінің үстінде көрсетілген процеске тиесілі жадыны сипаттайды.

ВЖ басы

Жады сегменті басталатын адрес. ВЖ басы, ВЖ соңы және ВЖ ығысуы бірге ортақ кітапхана сәйкестендірілген дискідегі орынды анықтайды.

ВЖ соңы

Жады сегменті аяқталатын адрес.

ВЖ өлшемі

Жады сегментінің өлшемі.

Жалаушалар

Келесі жалаушалар процеске рұқсат етілген жады сегментіне қол жеткізудің әртүрлі түрлерін сипаттайды:

p

Жады сегменті процестің жеке меншігі болып табылады және басқа процестерге қолжетімді емес.

r

Процестің жады сегментінен оқуға рұқсаты бар.

s

Жады сегменті басқа процестермен ортақ пайдаланылады.

w

Процестің жады сегментіне жазуға рұқсаты бар.

x

Процестің жады сегментіндегі нұсқауларды орындауға рұқсаты бар.

ВЖ ығысуы

Жады сегментіндегі адрестің ВЖ басынан бастап есептегендегі орны.

Жеке, Ортақ, Таза, Лас

  • жеке беттерге бір процесс қол жеткізеді

  • ортақ беттерге бірнеше процесс қол жеткізе алады

  • таза беттер жадыда болған кезде әлі өзгертілмеген және свопқа шығару үшін белгіленген кезде тасталуы мүмкін

  • лас беттер жадыда болған кезде өзгертілген және свопқа шығару үшін белгіленген кезде дискіге жазылуы керек

Құрылғы

Ортақ кітапхана файлы орналасқан құрылғының негізгі және қосымша нөмірлері. Олар бірге жүйедегі бөлімді анықтайды.

Inode

Ортақ кітапхана орны жадыға жүктелетін құрылғыдағы inode. Inode — бұл файлдық жүйе файлды сақтау үшін пайдаланатын құрылым және оған тағайындалған нөмір бірегей болады.